Алматыда мемлекеттік қызметтерді алуға болатын жаңа форматтағы AI-кеңсе ашылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға, заманауи цифрлық шешімдерді пайдалануға және жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік беретін жаңа форматтағы AI-кеңсе ашылды.

Фото: Азаматтарға арналған үкімет

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалының мәліметінше, жаңа кеңістік келушілердің түрлі қажеттіліктерін ескере отырып ұйымдастырылған. Мұнда мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға арналған жедел қызмет көрсету аймағы, онлайн-сервистермен жұмыс істеуге арналған цифрлық аймақ және кеңесшілер көмегімен күрделі қызметтер алу аймағы қарастырылған.

Фото: Азаматтарға арналған үкімет

Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін кеңсе моноблоктармен, жоғары жылдамдықты сканерлермен және eGov GPT сервисі орнатылған ақпараттық экрандармен жабдықталған. Сонымен қатар мұнда жеке куәлік пен паспорт алуға өтінішті бірнеше минут ішінде өз бетінше беруге мүмкіндік беретін құжаттандыру терминалы орнатылған.

- AI-кеңсе жұмысының тағы бір маңызды бағыты – халықтың цифрлық сауатын арттыру. Арнайы жабдықталған аймақта тұрғындар электрондық мемлекеттік сервистер мен жасанды интеллект құралдарын пайдалануды тегін үйрене алады. Оқу сабақтары әр сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өтеді, - деп хабарлады мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалы.

Фото: Азаматтарға арналған үкімет

Жаңа форматтағы AI-кеңсе Абай даңғылы, 90 мекенжайында орналасқан.

Еске салайық, Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға арналған теориялық емтиханды онлайн тапсыру мүмкіндігі іске қосылды.