Алматыда мемлекеттік мүлікке қатысты алаяқтық схеманы ұйымдастырғандар сотталды

Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Сот кінәлілерге 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Алматы қаласында мемлекет пайдасына тәркілеуге жататын мүлікті иемдену мақсатында «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізуді ұйымдастырған адамдар тобына қатысты сот үкімі шықты.

Еске салсақ, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Коспаевтың басшылығымен әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтаған. Аталған топ «AV-Construction» ЖШС, «Стекольный завод» ЖШС, «Шалқар 17» ЖШС, «Бахар-А» ЖШС және басқа да кәсіпорындарды рейдерлік жолмен басып алу фактілері бойынша әшкереленген.

Соттың шешімімен тәркілеу мақсатында Алматы қаласындағы «Никольский» базары аумағында орналасқан «Nikolsky Investment» ЖШС-не тиесілі жер телімі мен мүлкіне тыйым салынған.

— 2025 жылдың қыркүйек айында Аслан Пухаев, Антон Соловьёв пен Жақсылық Сәрсенбаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізу арқылы аталған тыйымды заңсыз алып тастауды ұйымдастырған.

Кейіннен жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын мүлік пен жер телімін әрі қарай сату мақсатында жалған тұлғалардың атына қайта рәсімделген, — делінген ҚМА хабарламасында.

Сот кінәлілерге 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енді. Мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.

Айта кетелік ҚМА блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтаған еді