Алматы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Кәрімжан Рахман пиротехниканы пайдалану көбінесе өрт пен жарақат алуға себеп болатынын атап өтті.
– Жыл сайын Алматыда жаңа жылдық мереке кезінде орта есеппен 11 өрт оқиғасы орын алады, олардың шамамен 18%-ы пиротехникалық бұйымдармен байланысты. Соңғы бес жылда осындай себеппен 57 өрт тіркелді. Біздің басты міндетіміз — осындай жағдайлардың алдын алу және қала тұрғындарын қорғау, – деп атап өтті Кәрімжан Рахман.
Жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкиннің дерегінше, былтыр 18 адам, оның ішінде 11 бала пиротехниканы дұрыс пайдаланбау салдарынан түрлі дене жарақаттарын алған.
— Осыған байланысты мен ата-аналарды мереке кезінде балаларды мұқият бақылауға шақырамын.Біз балаларды отшашулар мен петардаларды ұшыруға жол бермеуді ұсынамыз. Бұл қайғылы жағдайлардың алдын алады, — деді спикер.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатқандарға 40 млн теңге айыппұл салынды.