Алматының жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының өкілдерінің мәліметінше, бағыттарға «NomadBus» ЖШС қызмет көрсетеді. Күн сайын желіге Yutong маркалы 23 автобус шығады. Олар – ұзындығы 12 метр болатын төмен еденді электр автобустар. Әр автобустың сыйымдылығы 90 жолаушыға арналған, бұл қарбалас уақытта жоғары жолаушыларға тиімді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
– Жаңа бағыттарды іске қосу тасымалдаушының жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылды. Электр автобустарды сатып алу мен қаржыландыру «NomadBus» ЖШС-нің қаражаты есебінен жүргізіліп, қала бюджеті қаражаты пайдаланылған жоқ, - делінген хабарламада.
№134 бағыт Алматы-1 теміржол вокзалын «Автостанция» соңғы аялдамасымен байланыстырады. Бағыттың ұзындығы – 39,7 шақырым. Автобустар күн сайын сағат 05:50-ден 23:00-ге дейін қатынайды.
№140 бағыт «Райымбек батыр» метро бекетін «Таулы қырат» шағынауданындағы соңғы аялдамамен байланыстырады. Бағыттың ұзындығы – 18,4 шақырым. Автобустар күн сайын сағат 05:55-тен 23:00-ге дейін жүреді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жаңа №145 автобус бағыты қатынай бастағанын хабарлаған едік.