Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Қайырханов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қалада 9,6 мыңға жуық көппәтерлі тұрғын үй бар. Оларға 2,5 мыңнан астам субъект – МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі), ПИК (пәтер иелері кооперативі) және басқарушы компаниялар қызмет көрсетеді.
Өткен жылы 265 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 66 әкімшілік хаттама толтырылған. 37 субъект жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 10 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Биылдың өзінде 151 тексеріс басталған.
– Тұрғындардың шағымдарының артуына негізгі себеп – тұрғын үй қорының тозуы. Капиталдық жөндеудің дер кезінде жүргізілмеуі, инженерлік жүйелердің ескіруі және жинақталған мәселелер жағдайды күрделендіріп отыр, – деді Жандос Қайырханов.
Қалада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2011–2025 жылдар аралығында 1 316 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, 2 372 лифт ауыстырылған. 2026 жылы тағы 100 үйді жөндеу және 45 лифтіні ауыстыру жоспарланған.
Сонымен қатар тұрғын үйлерді басқару жүйесіне қатысты заңнамалық өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, «жай серіктестік» нысаны алынып тасталып, енді екі негізгі модель – МИБ және тікелей бірлескен басқару қарастырылған. МИБ төрағасының өкілеттік мерзімі үш жылға дейін ұзартылып, басқарушы компанияларды тарту мүмкіндігі кеңейтілді.
Тұрғындар жиналысын өткізу тәртібі де жаңартылды: енді оларды офлайн және онлайн форматта өткізуге болады. Ал тұрғын үй инспекциясының құзыретіне үйлердің жылыту маусымына дайындығын және өртке қарсы жүйелердің жағдайын бақылау қосылды.
Қолданыстағы ПИК-тер ағымдағы жылдың шілде айына дейін қайта тіркеуден өтуі тиіс. Талаптар орындалмаған жағдайда кооперативтерді мәжбүрлі түрде тарату қарастырылған.
Сондай-ақ заңда уақытша басқарушы компаниялар институты енгізілген. Бұл жаңа үйлерге немесе тұрғындары басқару формасын әлі таңдамаған нысандарға қатысты қолданылады.
Айта кетейік, пәтер иелері МИБ құру кезінде тегін кеңес ала алады.