Алматыда МИБ пен ПИК қарыздары коммуналдық төлем түбіртегінде көрсетіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Осы жылдың тамыз айынан бастап электр энергиясы үшін төлем түбіртектерінде МИБ, ПИК немесе басқарушы компанияның «Энергосбыт» алдындағы берешегі туралы ақпарат көрсетіле бастайды.

Фото: freepik

Бұл жаңашылдық тек «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ «Энергосбыт» филиалымен электрмен жабдықтау шартын жасасқан Алматы қаласы мен Алматы облысы тұтынушыларына ғана қатысты болмақ.

Ұйым мәліметінше, бұл өзгеріс пәтер иелеріне өз үйлері бойынша қарыздың бар-жоғын уақытылы біліп отыруға және басқарушы ұйымның электр энергиясын төлеу бойынша міндетін қаншалықты орындап жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.

Егер берешек белгіленген тәртіппен өтелмесе, қарызы бар тұрғын үйлерде тоқ уақытша не мүлдем өшірілуі мүмкін. Осыған байланысты тұрғындарға түбіртектегі жаңа ақпаратқа көңіл бөлу ұсынылады. Қарыз анықталған жағдайда, оның себептерін анықтау және өтеу шараларын қабылдау үшін МИБ, ПИК немесе басқарушы компанияға уақытылы жүгінген жөн.

— Түбіртекте қарыз сомасын көрсету — бұл ашық ақпарат шарасы. Ол пәтер иелеріне өз үйінің есеп айырысу жағдайын көруге және электр энергиясын беруде мәселе туындамас үшін уақытылы шара қолдануға мүмкіндік береді, — делінген «АЖК» мәлімдемесінде.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жарық жоқтығына шағымданған тұрғындар көшені жаппақ болды.