Алматыда мопед ұрлаған күдікті полиция қызметкерін жолда сүйреп кетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда полиция қызметкері мопед ұрлаған ұрыны тоқтатты.
Тәртіп сақшысының іс-әрекеті көрсетілген бейжазбаны Алматы қаласының Полиция департаменті жариялады. Ресми мәліметке сәйкес, күндізгі уақытта полицияға Төле би даңғылы бойындағы аулада тұрған мопедтің ұрланғаны туралы хабарлама келіп түскен. Мотоцикл дулығасын киген екі адам оңтайлы сәтті пайдаланып, ұрлық жасаған.
Жақын маңдағы аумақты жедел тексеру барысында Алмалы аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Елдар Тоқташев күдіктілерді байқаған.
- Жолда көлік көп болғандықтан, полиция қызметкері қылмыскерлерді жаяу аңди бастады. Бірнеше рет тоқтауды талап еткеніне қарамастан, күдіктілердің бірі қашуға әрекеттеніп, нәтижесінде полиция қызметкерін бірнеше метрге сүйреп, басқа жол қозғалысына қатысушымен соқтығысқан. Алған жарақатына қарамастан, полиция қызметкері батылдық танытып, күдіктіні ұстады. Кейіннен оның қаладағы мопед ұрлығының кем дегенде төрт эпизодына қатысы бар екендігі белгілі болды, - деп хабарлады департаменттен.
Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол қамауға алынды.
Еске салайық, Шымкентте полицияны көлігімен қағып, бірнеше метрге сүйреп кеткен жүргізуші ұсталды.
Кейін полиция қызметкерін көлігімен сүйреп кеткен жүргізуші 7 жылға сотталды.