Алматыда мопед жүргізушілеріне бақылау күшейтілді
АСТАНА. KAZINFORM — «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Жетісу ауданының патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қатаң бақылауға алды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Әсіресе, кейінгі уақытта жиілеп кеткен екі дөңгелекті көлік құралдарын басқарушылар арасындағы заң бұзушылықтарға ерекше назар аударылып жатыр.
Бар болғаны екі күннің ішінде мопед пен скутер жүргізушілеріне қатысты 360-тан астам құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз, сақтандыру полисі мен жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару, жол белгілері мен бағдаршам талаптарын елемеу секілді өрескел заң бұзушылықтар бар. Іс-шара барсында 200-ден астам көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
— Мопед пен скутер жүргізушілерінің жауапсыз әрекеттеріне жол беруге болмайды. Біз тек профилактикалық жұмыс жүргізіп қана қоймай, заң аясында нақты шаралар қабылдаймыз. Жол қозғалысы ережелері — жай ұсыныс емес, ол баршаға ортақ міндет, - деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасилов.
Қазіргі таңда аудандық полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпке көшті. Арнайы жасақтар күн сайын көшелерді аралап, мектеп маңында және аулаларда рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.