Алматыда мопедтердің қатысуымен 233 жол апаты болды

Фото: Фото: Александр Павский / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жыл басынан бері мопедшілердің кесірінен 233 жол апаты болып, 243 адам зардап шекті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек мәлім етті. 

Спикердің сөзінше, «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Әсіресе мопед пен мотокөлік иелері ерекше назарға алынған.

Салтанат Әзірбек мопед жүргізетіндер тиісті санаттағы жүргізуші куәлігін, мемлекеттік тіркеу нөмірін, техникалық паспорт пен сақтандыру полисін алып, көлігін техникалық байқаудан өткзуі тиіс екенін еске салды. 

– Бұларды заңды орындау үшін ғана емес, адам өмірін аман сақтап қалу үшін де қолға алып отырмыз. Бұл жол апатын азайтып, тәртіпті күшейтуге бағытталған. Түсіндірме жұмысы жүргізіліп жатсада, заң бұзатындар әлі де азаймай отыр. Соңғы аптада Алматыда осындай 1,5 мыңнан астам заң бұзушылық тіркелді, - деп атап өтті ол. 

Фото: Алматы ӨКҚ

Бұдан бөлек, Алматыда осы мопедшілердің кесірінен 233 жол апаты болып, 243 адам зардап шеккен. 500-ге жуық мопед айып тұрағына қойылған.

– Жолда абайлап жүрмесе болмайды. Ол мопед, машина деп ешкімді бөлмейді. Сондықтан жол жүру ережесін сақтау – әркімнің азаматтық борышы болуы тиіс. Қазір 12 мыңнан астам адам көлік құралын заңдастырып, мемлекеттік тіркеу нөмірін, жүргізуші куәлігін алып, сақтандыру полисін рәсімдеп үлгерді, - деп қосты Салтанат Әзірбек.

Бұған дейін мопедтерін тіркемегендерге қандай жауапкершілік көзделгені туралы және мопед иелері енді А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алуға міндеттелгені туралы жазған едік.