Алматыда мүгедектігі бар адамдар үшін 34 мың нысанға аудит жүргізілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда мүгедектігі бар адамдар үшін қалалық инфрақұрылымның қолжетімділігіне алғаш рет жүйелі әрі ауқымды талдау жүргізілді.

Фото: Алматы әкімдігі

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, барлығы 34,1 мың нысан паспортталды. Оның ішінде 733 мемлекеттік нысан (3%), 21,3 мың жеке сектор нысаны (62%), 9,4 мың көппәтерлі тұрғын үй (27%) және 2,7 мың қоғамдық көлік аялдамасы (8%) бар. Талдау нәтижелері 2030 жылға дейін нысандардың кемінде 75%-ын бейімдеуге негіз бар екенін көрсетті.

Үдерісті автоматтандыру мақсатында «АДО» АҚ-ның Ситуациялық орталығы әзірлеген «Сандық инклюзия. Нысан паспортының тіркелуі» мобильді панелі қолданылады. Бұл жүйе нысандарды паспорттау барысының барлық кезеңін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Фото: Алматы әкімдігі

– Қазір қолжетімді ортаны қамтамасыз етудің өңірлік қағидалары әзірленіп жатыр. Аталған қағидаларды қабылдау кедергісіз ортаның жүйелі дамуын қамтамасыз етіп, цифрлық құралдарды пайдалану арқылы жобалау-сметалық құжаттамаға және жаңа нысандарды пайдалануға беру үдерісіне бақылауды күшейтеді. Сондай-ақ, нысандарды жобалау, салу және пайдалану бойынша бірыңғай стандарт бекітеді, - делінген хабарламада.

inva.gov.kz порталына қала бойынша 9,9 мыңнан астам нысан туралы мәлімет енгізілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша нысандардың 60%-ы бейімделді, бұл жоспарланған көрсеткіштің 100%-ына сәйкес келеді. Ал 2026 жылы шамамен 5,7 мың нысанды бейімдеу жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан вокзалдарында мүгедектігі бар жолаушыларға арналған жаңа сүйемелдеу қызметі іске қосылғанын хабарлағанбыз.