Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы театрдың 100 маусымы ашылды

Фото: Мұхтар Әуезов атындағы театр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Республика сарайында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100-ші маусымы ашылды.

Ұлттық театр өзінің жүз жылдық мерейтойына орай «Ғасырға басқан қадам» атты салтанатты театрландырылған қойылымын ұсынды. Кеш барысында көрермен назарына театр репертуарындағы таңдаулы қойылымдардан сахналық үзінділер көрсетілді.

Фото: Мұхтар Әуезов атындағы театр

Сонымен қатар келушілерге «Ғасыр жасаған ұлт театры» атты интерактивті көрме ұсынылды.

- Бір ғасыр бойы театр сахнасынан көрермен жүрегіне жол тартқан әрбір спектакль – халықтың үні, заманның тынысы. Қазақ театрының ғасырлық шежіресі – елдің өткені мен бүгіні, ұлттық рух пен көркем ойдың тұтас әлемі. Бұл құнды мұра заманауи театр өнерімен сабақтасып, алдағы ғасырларға жалғасып, ұлттың мәдени жадын байытып, рухани қазынасын тереңдете бермек, - деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.

Фото: Мұхтар Әуезов атындағы театр

Еске салайық, қазақтың тұңғыш кәсіби театры - Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында ашылды. Бастапқы қойылымдары Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» және М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» пьесаларынан үзінділер болды.

1928 жылы театр Алматыға көшіп, жаңа буын актерлермен толықты. 1937 жылы 27 ақпанда академиялық театр мәртебесін алды. 1961 жылы жазушы Мұхтар Әуезовтің есімін иеленді.

Фото: Мұхтар Әуезов атындағы театр

2020 жылдың 20 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен театрға Ұлттық мәртебесі берілді.

Қазіргі уақытта театрдың ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол 2026 жылы аяқталады.