Алматыда NEF Qazaqstan басшысына іздеу жарияланды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстан Ішкі істер министрлігі NEF Qazaqstan басшысы Оскай Тарыкқа іздеу жариялады.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталының мәліметінше, Алматы полициясы NEF Qazaqstan компаниясының басшысы Тарык Волкан Оскайдың іздеп жатыр.
Қылмыстық іс 2024 жылдың 18 сәуірінде Алматы қаласында тіркелген.
Алматы қалалық Полиция департаментінен атап өткендей, алаяқтық фактісі бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасында қылмыстық іс тергелген.
– Қылмыстық іс бойынша азамат О. сырттай күдікті ретінде танылды. Кейіннен сот оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай санкциялады. Қазірг күдіктінің тұрған жерін анықтауға және оны ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, - деп түсіндірді қалалық полицияның баспасөз қызметі.
2022 жылы Astana International Exchange (AIX) алаңы NEF Qazaqstan компаниясының 6 млрд теңге көлемінде алғашқы облигацияларын орналастырғанын мәлімдеген болатын.
Алайда,2023 жылы компания AIX платформасында алғаш рет дефолтқа жол берді – ол 4 млрд теңгеден асатын негізгі қарызды, сондай-ақ 402 млн теңге көлеміндегі купондық төлемді өтеу бойынша өз міндеттемелерін орындай алмаған.