Алматыда өгей баласын өлтірген ер адам 20 жылға сотталды

Фото: uralskweek.kz

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Азаматтық некедегі әйелінің кішкентай баласын ұрып өлтірген 19 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты.

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жас баланы өлтірді деп айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сот анықтағандай, ер адам 2023 жылдың тамыз айынан бері жалдамалы пәтерде баланың анасымен бірге тұрып келген. Осы жылдың қыркүйек айында сотталушы баланың туған әкесінен кек алу мақсатында кәмелетке толмаған өгей ұлы Х.-ны соққыға жыққан.

«Сотталушы баланың басы мен асқазанына 8-9 рет ұрған. Салдарынан бауыры жарылып, ішкі қан кетуден бала көз жұмды. Кейін баланы ауыр халде балабақшаға апарып тастаған. Нәтижесінде, бала балабақшадан ауруханаға жеткізілді, бірнеше күннен кейін ол емдеу мекемесінде алған жарақаттардан қайтыс болды», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Прокурор айыпталушыны 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

Сотталушы өз кінәсін мойындамады.

Жәбірленуші тарап кінәліге қатаң жаза тағайындауды сұрады.

«Сот Д. ҚК 99-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады»,- деп атап өтті соттан.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, былтыр қыркүйек айында Алматыда 19 жастағы ер адам өгей ұл баласын ұрып өлтіргені туралы жазған болатынбыз