Алматыда оқу жылы қарсаңында полиция жұмысы күшейтіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда оқу жылы қарсаңында көлік кептелісінің артуы күтіледі. Сондықтан қалада полиция күшейтілген режимде жұмыс істейді.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, қаланың бірқатар көшесінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Олардың бір бөлігі қыркүйекке дейін аяқталып үлгермейді. Бұл жол қозғалысын қиындатуы мүмкін.

— Қала бойынша оқу жылы басталғанға дейін аяқталмайтын көптеген құрылыс-монтаж жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар көлік жүктемесі артады. Сондықтан жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаяу патрульдер көше қиылыстарына қойылады. Алда кептеліс тұрғанына қарамастан, жүргізушілердің жол қиылысына шығып, осылайша қозғалысты бөгейтінін жиі көреміз. Сондықтан құқық бұзушылықтар мен мұндай жағдайдың туындауына жол бермеу үшін патрульдік полиция нарядтарын міндетті түрде қоятын боламыз, — деді Тимур Ноғайбаев.

Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

Кептелістердің алдын алу үшін патрульдік полиция бөлімшелерін Алматыға кіретін негізгі бағыттарға да қою жоспарланып отыр.

— Патрульдік полиция нарядтарын қалаға кіретін жолдарда да міндетті түрде қоятын боламыз. Бұл — Талғар және Құлжа трактілері, сондай-ақ Қарасай және Іле аудандары тарапынан келетін бағыттар, — деді ол.

Бұл ретте полиция оқу жылының басына қарай бағдаршамдар жұмысын өзгертуді жоспарлап отырған жоқ. Жолдағы жағдай бейнебақылау камералары арқылы қадағаланатын болады.

Еске салайық, бұған дейін Алматы тұрғындары көшелердің қайта-қайта қазылуына қатысты шағымданды.