Алматыда оқушы орындарының тапшылығы мәселесі неліктен шешілмей келеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жаңа оқу жылында 8 мектеп ашу жоспарланып отыр. Дегенмен қаладағы оқушы орындарының тапшылығы әлі де 30 мыңға жуықтайды.

Фото: Үкімет

Алматы - халық саны жоғары қарқынмен көбейіп жатқан өңірлердің бірі. Оған табиғи өсім, яғни туу деңгейі және ішкі көші-қон әсер етіп келеді. Бұл жыл сайын әлеуметтік инфрақұрылымға, соның ішінде мектептерге түсетін жүктемені арттырады.

Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Малғаждарованың айтуынша, биыл қыркүйекте жалпы жобалық сыйымдылығы 11 050 оқушы орнына арналған 8 жаңа мектеп пайдалануға берілуі тиіс. Жаңа нысандардың көп бөлігі Түрксіб және Алатау аудандарында ашылады.

Одан бөлек оқу жылының басында жұмыс істеп тұрған мектептердің жанынан соғылған үш жапсарлас нысанды аяқтау жоспарланған. Әрқайсысы 300 орындық қосымша корпустар Жетісу ауданындағы №112, Алмалы ауданындағы №16 және Түрксіб ауданындағы №170 мектептердің жанынан ашылады. Алайда ауқымды құрылысқа қарамастан Алматы үшін оқушы орындарының таршылығы өзекті мәселе болып қала береді. 2025-2026 оқу жылының соңында тапшылық 29 735 орын болған. Бұл мәселені шешудің басты құралдарының бірі - «Келешек мектептері» ұлттық жобасы болмақ. Оның шеңберінде 2024-2026 жылдар аралығында жалпы жобалық қуаты 34,8 мың оқушы орнына арналған 21 мектепті салу қарастырылған. Оның 14-і пайдалануға берілсе, ал қалған 7 мектепті 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ашу жоспарланып отыр.

Болашақта құрылыс ауқымын айтарлықтай ұлғайту көзделген. Оқушы орындарына қажеттіліктің қалалық картасы негізінде Алматы әкімдігі жалпы жобалық қуаты 105 мың оқушыға арналған 69 мектеп салуды жоспарлап отыр. Білім басқармасының өкілдері бұл жоспарды іске асыру қазіргі мәселені шешіп қана қоймай, болашақта орын тапшылығының туындауына жол бермейтінін атап өтті.

Алматыны «Солтүстік», «Батыс», «Оңтүстік-Батыс», «Шығыс қақпасы» және «Тарихи орталық» полиорталықтары бойынша дамыту кезінде бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінеді. Себебі жаңа тұрғын үй кешендерінің белсенді құрылысы мектептерге, балабақшаларға және басқа да әлеуметтік нысандарға деген қажеттілікті арттырып жатыр.

- Жаңа оқушы орындарын құру сыныптардың толу деңгейін төмендетуге және педагогтерге әр балаға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді, - деп хабарлады басқармадан.

Алматы мектептері екі ауысымда жұмыс істейді

Қалада оқытудың екі ауысыммен жүруі да өзекті мәселе болып қала береді. 2025-2026 оқу жылында Алматыда 227 мемлекеттік мектеп жұмыс істеді. Олардың ішінде тек 48 мектеп бір ауысымда, ал 179-ы екі ауысымда білім берді. Бірақ үш ауысымды мемлекеттік мектептер болмады. Қазіргі уақытта қаладағы мемлекеттік мектептердің шамамен 79%-ы екі ауысымда жұмыс істейді.

1,5 мыңнан астам педагог жетіспейді

Оқушы орындарының тапшылығымен қатар қалада сапалы кадр мәселесі де өзекті. Алматының білім беру жүйесінде жекелеген пәндер бойынша 1 556 педагогикалық қызметкер жетіспейді, яғни осынша бос орын бар.

Қалаға ең қажетті маман — математика мұғалімдері. Мұндай 204 бос орын бар, ол жалпы санның 13,11%-ын құрайды. Сұраныс бойынша екінші орында бастауыш сынып мұғалімдері тұр — 183 бос орын (11,76%). Сондай-ақ мектептерге 143 орыс тілі мұғалімі (9,19%), 87 тарих мұғалімі (5,59%), 80 информатика мұғалімі (5,14%) және 63 физика мұғалімі (4,05%) қажет.

Бибігүл Малғаждарова маман жетіспеушілігіне әсер еткен бірнеше себепті атап өтті. Олардың қатарында — оқушылар санының өсуі, жаңа мектептердің құрылысы, урбанизация мен халықтың көші-қоны, жекелеген педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындары түлектерінің жеткіліксіз келуі, инклюзивті білім берудің кеңеюі, жас мамандар арасындағы тұрақсыздық және жекеменшік мектептермен бәсекелестік бар.

— Кадр мәселесін шешу үшін тапшы мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы қалыптастырылады, әкім гранттары беріледі, педагогикалық жоғары оқу орындарымен және колледждермен ынтымақтастық дамиды, сондай-ақ жас мұғалімдерді әлеуметтік қолдауды күшейту шаралары қабылданып жатыр, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Мектептерге 57 миллиард теңге бағытталады

2026 жылы мектеп инфрақұрылымын дамытуға да қомақты қаражат қарастырылған. Алматының мемлекеттік мектептерін салуға, жаңартуға және күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 54 миллиард теңге бөлінген. Қаржыландыру Құрылыс басқармасының желiсi бойынша жүргізіледі. Тағы 3,6 миллиард теңге жергілікті бюджеттен Білім басқармасы желісі бойынша мемлекеттік мектептерді ағымдағы жөндеуге көзделген.

Осылайша, 2026 жылы қаланың мемлекеттік мектептерін салуға, қайта жаңартуға, күрделі және ағымдағы жөндеуге қарастырылған қаражаттың жалпы көлемі 57,6 миллиард теңгеге жетті.

Еске салайық, Қазақстандағы жеке мектептерде оқу ақысы қанша екенін жазғанбыз.