Алматыда Оңғарсынова көшесінің бөлігі 1 айға жуық уақытқа жабылады

Фото: Александр Павский/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 5 маусым мен 30 маусым аралығында құрылыс жұмыстарына байланысты Қожабеков көшесінен Ақберен көшесіне дейін Оңғарсынов көшесінің бойында көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, бұл аумақта кәріз желісінің құрылыс жүреді. Жабылған көше бөлігін алматылық жүргізушілер Несібе, Бес Арыс, Бөрілі Байрақ, Қожабеков және Ақберен көшелері арқылы айналып өте алады.

- Жоба аясында ұзындығы 34,9 шақырым болатын магистралды кәріз коллекторы салынады. Ол Наурызбай және Алатау аудандарындағы 175 мыңнан астам тұрғынды, сондай-ақ Алматы облысының Қарасай және Іле аудандарындағы 20 мыңға жуық адамды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосуға мүмкіндік береді, – деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, 20 шілдеге дейін Бөгенбай батыр көшесінің бір бөлігі, сондай-ақ 30 маусымға дейін Түрксіб ауданында Котельников көшесінің бір бөлігі жабылды.

Сонымен қатар 1 маусымнан бастап 20 тамызға дейін Сәтпаев көшесімен Масанчи көшесінен бастап Байтұрсынов көшесіне дейін екі бағытта қозғалыс шектеледі. 2 маусымнан бастап 20 тамызға дейін Ғабдуллин көшесінде Римский-Корсаков көшесінен бастап Нахимов көшесіне дейін екі бағытта қозғалыс шектелді.