Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жаңа орталықтың мақсаты — ерте диагностиканы күшейту, медициналық көмекті үйлестіру. Жаңа құрылым клиникалық қызметті де, ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмысты да біріктіреді. Мұнда қатерлі ісікке күдік бар науқастарға және диспансерлік есепте тұрған азаматтарға консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіледі.
- Орталықта ауруды ерте анықтауға, нақты диагноз қоюға және пациенттерді мамандандырылған емге жедел жолдауға басымдық беріледі. Орталық мультидисциплинарлық қағидамен жұмыс істейді: күрделі жағдай онкологтар, хирургтер, радиологтар, химиотерапевтер және басқа да бейінді мамандардың қатысуымен талқыланады, - деп хабарлады басқармадан.
Сонымен қатар орталық алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен өзара байланысты күшейтіп, онкологиялық науқастарды емдеудің бірыңғай стандарттарын енгізеді. Мұнда трепан-биопсия жүйелері, эндоскопиялық кешендер, сараптамалық деңгейдегі УДЗ және маммография аппараттары, сондай-ақ компьютерлік және магниттік-резонанстық томография құрылғылары бар. Оған қоса, иммуногистохимиялық және молекулалық-генетикалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін бейнеморфология жүйесі енгізілген.
- Орталықтың тағы бір бағыты — қаладағы медициналық ұйымдарға әдістемелік қолдау көрсету және елімізде онкологиялық қызметті дамытудың кешенді жоспары аясындағы көрсеткіштерді талдау. Мұнда дәрігерлерді оқыту, көшпелі семинарлар өткізу және тұрғындарға арналған ашық есік күндерін ұйымдастыру көзделген, - делінген ведомство хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Алматыға онкологиялық ем алу үшін қай елдердің азаматтары келіп жатқанын жазғанбыз.