Алматыда өрт қауіпсіздігін бұзғандарға 3 млн теңгеден астам айыппұл салынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда өрттің жоғары қаупі сақталып отыр. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Константин Каниннің айтуынша, 26 наурыздан бастап Алматы қаласы мен Алматы облысының мемлекеттік орман қоры аумақтарында өртке қарсы режим ресми түрде енгізілген.

Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, алдағы уақытта өңірде аптап ыстық әрі құрғақ ауа райы әлі де сақталмақ. Ауаның орташа тәуліктік температурасы шамамен 35 градус болса, кей жерлерде 40 градусқа дейін және одан да жоғары көтерілуі мүмкін. Мұндай жағдайлар табиғи өрттердің туындау қаупін едәуір арттырады.

Алматы аумағында ірі орман алқаптары орналасқан. Олардың қатарында ауданы 20,8 мың гектардан асатын Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормандары, сондай-ақ аумағы 708,2 гектар болатын «Медеу» табиғи паркі мен 137,7 гектарды алып жатқан Баум тоғайы бар.

2026 жылдың басынан бері қалада құрғақ шөптің жануының 103 оқиғасы тіркелді. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 59,2 пайыз аз (былтыр 253 жағдай тіркелген). Өрт шалған жалпы аумақ 4 гектар болып, былтырғы көрсеткіштен 68 пайыз төмен. Сонымен қатар орман және таулы аймақтарда табиғи өрттердің тұтануы анықталған жоқ.

Константин Каниннің сөзінше, өрттердің негізгі себебі — адамдардың отты абайсыз пайдалануы мен табиғатқа қоқыс тастауы. Әсіресе, шыны бөтелкелер мен олардың сынықтары қауіпті. Өйткені күн сәулесі шыныға түсіп, құрғақ шөп пен өсімдіктің тұтануына себеп болуы мүмкін.

— Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар департаменті арнайы профилактикалық іс-шаралар жоспарын әзірледі. Өрттің алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі — құрғақ шөпті уақытылы шабу және минералдандырылған қорғаныс жолақтарын жасау. Биыл аудан әкімдіктері 214,5 гектар аумақта құрғақ шөпті шауып, жоспардың 94 пайызын орындады. Сонымен қатар, ұзындығы 118 шақырым минералдандырылған жолақтар жасалып, бұл жоспарлы көрсеткіштен 15,7 пайыз артық болды, — деді ведомство өкілі Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде.

Былтырғы талдау нәтижесінде Алматыда құрғақ шөп пен қамыс жиі жанатын 38 қауіпті учаске анықталды. Қазіргі таңда дәл осы аумақтарда профилактикалық жұмыстар мен бақылау күшейтілген.

Таулы-орманды аймақтарға ерекше назар аударылады. Өрт қаупі кезеңі бойы ТЖД қызметкерлері, полиция, орман шаруашылығы өкілдері және еріктілер бірлескен рейдтер өткізеді. Жедел әрекет ету үшін арнайы мобильді топ құрылған.

Жыл басынан бері 80 рейд ұйымдастырылып, өрт қауіпсіздігі туралы 2 мыңнан астам жадынама таратылды. Тыйым салынған орындарда от жағудың 50-ден астам дерегі анықталды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 50 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 3 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды.

Алматыда өрт ошақтарын ерте анықтау үшін заманауи технологиялар белсенді енгізіліп жатыр. «Медеу» табиғи паркінде жылу бейнелеу камералары мен оптикалық-сенсорлық кешендерді қамтитын орталықтандырылған бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Осындай жүйе Алматының даму бағдарламалары аясында ТЖД тарапынан да енгізілген.

Қазіргі таңда аумақ «Көктөбе» телерадио мұнарасында және Алатау ауданындағы Индустриялық аймақта орнатылған бейнекамералар арқылы бақыланады. Бұл жүйе өрт ошақтарын бастапқы кезеңде анықтап, дабыл белгісін жедел қызметтерге автоматты түрде жолдайды.

Таулы-орманды аймақтарды бақылау және туристерді ақпараттандыру үшін бес ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылады. Сонымен қатар Алмарасан шатқалында, «Көктөбе» саябағында және «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты аумағында күн сайын механикаландырылған патрульдік бақылау жүргізіледі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы дәмханадан шыққан өрт 600 шаршы метр аумақты шарпығанын жазғанбыз.