Алматыда өрт сөндірушілердің оқу-жаттығуы өтті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Өрт сөндірушілер 35 қабатты ғимаратта өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізді.
Өрт-тактикалық оқу-жаттығудың мақсаты — көп қабатты ғимараттардың жоғарғы қабаттарына өрт сөндіргіш заттарды беру және жеке құрамның дайындығын арттыру.
Өрт-тактикалық оқу-жаттығулардың бақылаушысы Ресей және Беларусь ТЖМ мамандары болды.
— Бұл оқу-жаттығулар қалалардың белсенді көпқабатты құрылысы жағдайында азаматтық қорғау күштерін даярлау жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Өрт сөндіру және адамдарды құтқару процесіне әуе техникасының интеграциясы ерекше маңызға ие, — деді Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов.
Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес шартты өрт 35 қабатты тұрғын үй кешенінде болды. Жедел ден қою және төтенше жағдайды жою мақсатында әртүрлі тактикалық құралдар, соның ішінде өнімділігі жоғары сорғылары бар мамандандырылған автомобильдер, өрт мотоцикл экипаждары, сондай-ақ әуе күштері-өрт тікұшағы тартылды.
Әрекет етудің негізгі құралдарының бірі ретінде авиацияны қолдануға ерекше назар аударылды. Әуе техникасын пайдалану жер үсті және әуе күштерінің өзара әрекеттесу мүмкіндіктерін бағалауға, сондай-ақ шартты оқиға орнында жедел басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Оқу-жаттығуға ТЖМ, ІІМ, коммуналдық қызметтер мен Алматы қаласының құтқару қызметі бөлімшелерінен 160-тан астам адам және 25 техника жұмылдырылды.
Қазавиақұтқару ұшқыштары адамдарды жоғарғы қабаттардан эвакуациялау бойынша ең күрделі элементті пысықтады, аэровизуалды барлау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары, температуралық белсендірілген суды беруге арналған көпфункционалды машина, өнімділігі жоғары сорғы қондырғылары қолданылды.
Бұған дейін Алматыда тұрғын үй арасында тікұшақ ұшып жүргені туралы жазғанбыз.