Алматыда өртеніп жатқан көпқабатты үйден 12 адам құтқарылды
16:59, 15 Мамыр 2025
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Ақбұлақ шағын ауданында орналасқан тұрғын кешендердің бірінде 4-ші қабаттағы пәтердің балконынан өрт шықты.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 15 мамыр сағат 14:45-те он қабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтерден өрт шықты.
Жалын 15 шаршы метр жерді шарпып, бесінші қабаттың балконына ауысқан.
– ТЖД күшімен баспалдақ маршымен құтқару қалпақшасының көмегімен 12 адам, оның ішінде 1 бала құтқарылды. Түтінге уланып қалған 1946 жылы туған зейнеткер ауруханаға жатқызылды,– деп хабарлады ведомстводан.
Өртті сөндіруге 32 маман мен 10 техника жұмылдырылды.
Осыған дейін Алматыда екі қабатты ғимарат өртенген болатын.