Алматыда өткен жылы 4 мыңнан астам жаңа кітап басылған

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы - еліміздің мәдени астанасы. Биыл маусым айында Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін үшінші кітапхана ашылды. Ал өткен жылы мегаполисте 4 мыңнан астам жаңа кітап басылды.

ҚР Ұлттық мемлекетіп кітап палатасының мәліметіне сәйкес, 2023 жылы кітап палатасына баспа және баспа ұйымдарынан 4012 кітап келіп түскен. Оның ішінде: психологиялық кітап – 78, жалпы білім беретін мектепке арналған оқулық – 220 кітап, көркем әдебиеттің проза жанрында – 330 кітап. Қазақстан тарихы туралы – 142 кітап жарық көрген.

- 2023 жылы қазақ тілінде – 2543, орыс тілінде – 1312, ағылшын тілінде – 130 кітап тіркелген, - деп хабарлады Кітап палатасынан.

Айта кеткен жөн, биыл мегаполисте 10-шы рет Kitap Fest Almaty кітап фестивалі ұйымдастырылады. Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен "BAURZHAN foundation" қоры өткізетін іс-шара 14-15 қыркүйек күндері Арбат алаңында өтеді. 2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жоба аясында бүгінге дейін белгілі қазақстандық авторлар мен баспалардың қатысуымен 500-ге жуық кітап таныстырылған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 20 жаңа кітапхана ашылатынын жазғанбыз