Алматыда отқа оранған цехтың видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Видеодағы жазбада өрт "Шапағат" шағын ауданында түнгі 3.00-4.00 арасында болғаны жазылған.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ТЖД күштері мен құралдары 12 қазан түнгі сағат 04:28-де шақырудың жоғары дәрежесі бойынша Алатау ауданы, "Шапағат" шағын ауданы, Ұйғыр көшесі, 57-үйге жіберілді.
"Өрт орнына жеткен сәтте пластикалық терезелерді жасайтын цехтың ашық жалынмен өртеніп жатқаны анықталды. Өрт көрші столярлық цехке ауыса бастады. Өрттің аумағы S=500 м2 құрады. Өртті сөндіру жоғары жанғыш жүктемемен (ағаш) және су көздерінің қашықтығымен қиындады", - деп хабарлады қалалық ТЖД-да.
Өрт таңғы сағат 06.18-де оқшауланып, сағат 07.07-де жойылды. Қабылданған шаралармен үш тұрғын үйді (батыста, оңтүстік пен солтүстікте) және уақытша үй өрттен аман қалды. Сондай-ақ өрттен қаза тапқандар болған жоқ.
Өртті сөндіруге ТЖД-дан 73 өрт сөндіруші, 22 техника, "Алматы Су" мекемесінен 2 суару жуғыш көліктері жұмылдырылды. Өрттің себебі анықталуда.