Алматыда плита ұрлау дерегіне қатысты тергеу қалай жүріп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда гранит плиталарды ұрлау дерегі тіркелді.
Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Үлкен Алматы өзенінің жағалауында гранит плиталар алынып, құлыптас әзірлейтін цехке тасымалданған. Бұл дерекке қатысты полиция тексеру жүргізіп, қылмыстық іс қозғады.
Kazinform агенттігі 1 айға жуық уақыттан кейін тергеу қаншалықты алға жылжығанын сұрап, қалалық полиция департаментіне сауал жолдады.
- Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өндірісті Бостандық аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр. Күдікті анықталып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істің басқа да мән-жайы ҚР ҚІЖК-нің 201-бабының талаптарына сай жария етілмейді, - делінген полиция жауабында.
Сондай-ақ депарамент тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын және істің сотқа жолданбағанын атап өтті.
Еске салайық, Алматы әкімі Бостандық ауданындағы Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан гранит плиталардың ұрлануына қатысты қызметтік тергеу бастауды тапсырды.