Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Үлкен Алматы өзенінің жағалауында гранит плиталар алынып, құлыптас әзірлейтін цехке тасымалданған. Бұл дерекке қатысты полиция тексеру жүргізіп, қылмыстық іс қозғады.
Kazinform агенттігі 1 айға жуық уақыттан кейін тергеу қаншалықты алға жылжығанын сұрап, қалалық полиция департаментіне сауал жолдады.
- Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өндірісті Бостандық аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр. Күдікті анықталып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істің басқа да мән-жайы ҚР ҚІЖК-нің 201-бабының талаптарына сай жария етілмейді, - делінген полиция жауабында.
Сондай-ақ депарамент тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын және істің сотқа жолданбағанын атап өтті.
Еске салайық, Алматы әкімі Бостандық ауданындағы Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан гранит плиталардың ұрлануына қатысты қызметтік тергеу бастауды тапсырды.