Алматыда полицей адамдардың қалтасына есірткі салғаны рас па
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерінің екі адамды тұтқындап жатқан бейнежазбасы тарады.
Одан жерде жатқан азаматтың қалтасына полиция қызметкерінің бір затты салғанын көруге болады. Желі қолданушылары «әдейі есірткі тастау әрекеті болуы мүмкін» деп болжады.
Бірақ Алматы қаласының полиция департаменті бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, полицияға пәтерді тәулікке жалға алған азаматтар жалдау ақысын төлемегені туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына учаскелік инспекторлар барды.
- Тексеру барысында екі азамат ұсталды: біреуі кәмелетке толмаған, екіншісі кәмелет жасына жеткен. Кәмелетке толмаған азамат ата-анасына тапсырылды және ата-анасына қатысты бала тәрбиесін жауапкершілікпен орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Кәмелетке толған азамат алкогольдік масаң күйде болып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған. Аталған құқықбұзушылықтар үшін ол жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады департаменттен.
Сондай-ақ Алматы полициясы бейнежазбада қызметкер ұсталған азаматтың қалтасынан түсіп қалған жеке затын қайтарып жатқан сәті бейнеленгенін атап өтті.
- Ұсталған азаматқа ешқандай тыйым салынған заттар «тасталған» жоқ. Алматы қаласы полиция департаменті заң аясында әрекет етеді және азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады. Жалған ақпарат таратқандардың жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз, - деп хабарлады полициядан.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда АҚШ-тан пошта арқылы келген есірткі тәркіленді.