Алматыда полиция атын жамылып, алаяқтық жасаған күдіктілер ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда тәртіп сақшылары алаяқтық жасады деген күдікке ілінген топтың әрекетін тоқтатты.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, ұсталған азаматтар өздерін тәртіп сақшылары ретінде таныстырып, «Қылмыстық жауапкершілікке тартамыз» деп қорқытып, тұрғынның қолма-қол ақшасын және көлігін иемденген. Шығын сомасы 12 миллион теңгеден асқан.
- Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алматы қаласы мен Алматы облысы полиция бөлімшелерінің бірлесіп жүргізілген мақсатты жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде алты адам ұсталды. Тінту кезінде жалған қызметтік куәліктер, процессуалдық құжат бланкілері, нысанды киім элементтері, оқ-дәрілер, мөрлер, суық қарулар, сондай-ақ түрлі елдерден келген мемлекеттік нөмір белгілері тәркіленді. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр, - деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, бұған дейін такси жүргізушісін ұрған жолаушылар 15 күнге қамалғанын жазғанбыз.