Алматыда полиция қызметкеріне пышақ жарақатын салғандар сотталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда полиция қызметкеріне шабуыл жасап, қару қолдану оқиғасына қатысқан айыптылар сотталды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті.
— 2024 жылғы 22 желтоқсанға қараған түні Алматы қаласының Медеу ауданындағы «Barland» барында қонақтармен мекеме күзетшілерінің қатысуымен келеңсіз оқиға болды. Тараптар арасындағы жанжал ұрысқа ұласып, жедел келіп жеткен полиция қызметкері пышақ жарақатын алған. Оқиға кезінде күзетшілердің бірі тіркелмеген травматикалық тапаншамен екі рет оқ атқан. Оның қару алып жүруге және қолдануға рұқсаты болмағаны, сондай-ақ ресми түрде жұмысқа орналаспағаны анықталды — күзет қызметтері бір реттік негізде рәсімделмей қызмет атқарған, — деп хабарлады прокуратурадан.
Тергеу қорытындысы бойынша екі қатысушыда ұсталып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігімен (бұзақылық) және 380-бабы 3-бөлігімен (билік өкіліне қатысты күш қолдану) қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Сот күзетшіні 5 жылға, екінші қатысушыны 1 жыл 6 айға соттады. Қала прокуратурасының үйлестіруімен осындай құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында демалыс және мереке күндері ойын-сауық мекемелерінде полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда бұрынғы судья Светлана Жолмановаға қатысты сот отырысы бесінші мәрте кейінге шегерілгенін жазған болатынбыз.