Алматыда полиция ірі көлемдегі есірткі сату арнасының жолын кесті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласында полиция қызметкерлері каннабис тобына жататын есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде тасымалдау, сақтау және өткізу арнасын анықтап, оның жолын кесті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар барысында заңсыз есірткі айналымымен айналысқан топ ұсталды. Тінту барысында шамамен 3 келі гашиш және 2,5 келіден астам кептірілген марихуана тәркіленді.
Ұсталған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев аталған операция полиция бөлімшелерінің үйлесімді әрі нәтижелі жұмысының айқын көрінісі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, заңсыз есірткі айналымын анықтау және оның жолын кесу бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық әрекеттің барлық мән-жайы мен ықтимал сыбайластары анықталуда.
Айта кетейік, елде есірткі бизнесіне қарсы күреске арналған жаңа кешенді жоспар қабылданды.