Алматыда Powerexpo Almaty 2026 халықаралық энергетикалық форумы өтеді

АСТАНА. KAZINFORM - 21–22 қазанда Алматыдағы «Атакент» ҚІЫО-да Powerexpo Almaty 2026 халықаралық энергетикалық форумы өтеді. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, энергетикалық компаниялардың, жабдық өндірушілердің, технологиялық компаниялардың, инвесторлар мен салалық сарапшылардың өкілдері қатысады.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Биыл Powerexpo Almaty көрмесі Kazatomexpo көрмесімен қатар өтеді. Бұл бір алаңда заманауи энергетиканың негізгі бағыттарын — дәстүрлі және атом генерациясын, электр және жылу желілерін, энергетикалық машина жасауды, коммуналдық инфрақұрылымды, цифрлық технологиялар мен жаңа энергетикалық шешімдерді қамтуға мүмкіндік береді.

Форумның негізгі тақырыбы — электр энергиясына сұраныстың өсуін, қолданыстағы қуаттарды жаңғыртуды, жаңа генерацияны іске қосуды және электр желілерін озыңқы дамытуды ескере отырып, Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын дамыту.

Іскерлік бағдарламаны «Алматы энергетикасы: 105 жылдық даму және жаңа өсу нүктелері» атты пленарлық сессия ашады. Қатысушылар Алматы қаласы мен Алматы энергия торабының 2035 жылға дейінгі перспективалық энергия теңгерімін, генерацияны дамытуды, магистральдық және тарату желілерінің жағдайын, жаңа ірі тұтынушылардың пайда болуын және энергетикалық инфрақұрылымды қаланың даму жоспарларымен үйлестіру мәселелерін талқылайды.

Жаңа өсу нүктелеріне ерекше назар аударылады. Бір пікірталас алаңында Энергетика министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, KEGOC, АЖК, «Самұрық-Энерго», Alatau City, «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА және қаланың ірі инфрақұрылымдық нысандарының өкілдерін біріктіру жоспарланып отыр. Мұндай құрам энергиямен жабдықтау мәселесін мемлекет пен энергетикалық компаниялар тұрғысынан ғана емес, нақты тұтынушы тарапынан да қарастыруға мүмкіндік береді.

Жеке пікірталас блогы қаланың, генерацияның, магистральдық және тарату желілерінің даму жоспарлары мерзім жағынан қаншалықты үйлесетініне арналады. Негізгі міндет — 2035 жылға қарай энергетикалық инфрақұрылым Алматының одан әрі дамуына шектеу болмауы үшін 2030 жылға дейін қандай шешімдерді іске асыру қажет екенін айқындау.

Форумның іскерлік бағдарламасында жылу көздерін, ЖЭО мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, Қазақстанның перспективалық энергия теңгерімін қалыптастыру, заманауи энергетикалық технологияларды дамыту, сондай-ақ дата-орталықтар мен жасанды интеллект инфрақұрылымын энергиямен қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылады.

Powerexpo Almaty 2026 көрме алаңында электр энергетикасы мен ТКШ саласына арналған жабдықтар мен технологиялар ұсынылады. Олардың қатарында генерация және электр желілері кешеніне арналған шешімдер, есепке алу аспаптары, турбиналық жабдықтар мен құрамдас бөлшектер, кабельдік өнімдер, оқшаулағыштар, автоматтандыру, цифрландыру және энергия ресурстарын басқару жүйелері бар.

Powerexpo Almaty 2026 — Қазақстан энергетикасының келесі даму кезеңі қандай болуы керектігін кәсіби деңгейде талқылайтын алаң. Форум генерация мен желілерден бастап нақты тұтынушыға дейінгі бүкіл тізбекті қамтып, мемлекет, энергетикалық бизнес, жабдық өндірушілер мен инвесторлар арасындағы стратегиялық диалогқа, технологиялық шешімдер мен тікелей ынтымақтастыққа мүмкіндік береді.

Осыған дейін ел энергетикасының қысқа қаншалықты дайын екені туралы жаздық.