Алматыда пойыздағы улану оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы-2 теміржол вокзалында болған жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, Алматы-1 станциясындағы желілік полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы (Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркеген.

– Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді, - деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, Алматы-2 теміржол вокзалында адамдар табиғи газдан уланып, 52 адам медициналық көмекке жүгінген еді. Олардың арасында балалар да бар. Он бала ауруханаға жатқызылып, екеуі жансақтау бөліміне түскен.