Алматыда ірі қонақүй құрылысы 13 жыл бітпей тұр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 13 жыл бұрын Есентай өзенінің жағалауында «The Kempinski Grand Asia Hotel» қонақүйінің құрылысы басталған болатын. Алайда көп ұзамай жұмыс тоқтап, бүгінге дейін қайта жанданған жоқ. Kazinform агенттігінің фототілшісі нысанға барып, оның бүгінгі көрінісін көрсетті.
Төбесінде айналмалы мейрамханасы мен бассейні бар қонақүй кешені қаланың айтулы жобаларының біріне айналуы тиіс еді. Бүгінде архитектурасы ерекше шыны ғимарат алматылықтарға жақсы таныс. Ол Медеу ауданы, Марат Оспанов көшесі, 82 мекенжайында орналасқан.
Фототілшіміз нысан аумағы күзетілетінін байқады. Кіреберістің жанында күзетшісі бар шағын дүңгіршек орналасқан. Ғимараттың өзі бос тұр, бірақ ішінде орнатылған жылыту батареяларын, шкафтарды және кейбір кеңсе жиһаздарын байқауға болады.
Кіреберіс бөлігі ағаш қоршаумен жабылған. Ғимараттың қасында құрылыс материалдарын да көруге болады. Аумақта асфальт құйылған әрі айналасында қоқыс жоқ. Нысан әрі қарай пайдалануға дайындалып жатқандай әсер қалдырады, бірақ мұнда жұмысшылар жүрген байқалмады.
Қонақүйдің қасбеті жағынан небәрі бірнеше метр жерде Есентай өзені ағып жатыр. Ғимараттың екі жағында өзен арқылы өтуге болатын көпірлер орналасқан. Олардың астында қала тұрғындары жиі серуендейтін жағалау бар. Ғимарат жанында трансформатор дүңгіршегі де бар, ал кейбір бетон қабырғалардан граффитилерді көруге болады.
«Kazinform» агенттігі нысанның осы уақытқа дейін неге пайдалануға берілмегенін және аяқталмаған кешенге қатысты қандай жоспарлар бар екенін білу үшін әкімдікке сауал жолдады. Сондай-ақ құрылысқа тиісті рұқсаттың бар-жоғын сұрадық.
Қала құрылысын бақылау басқармасы бұл қонақүй кешенінің құрылысы белгіленген тәртіппен берілген рұқсат құжаттары негізінде жүргізілгенін хабарлады.
Атап айтқанда:
• 2012 жылғы 15 қарашадағы сәулет-жоспарлау тапсырмасы (СЖТ);
• 2013 жылғы 22 сәуірдегі эскиздік жобаны келісу;
• 2013 жылғы 12 наурыздағы, 9 сәуірдегі және 2014 жылғы 21 ақпандағы Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекцияның келісімдері;
• 2013 жылғы 25 шілдедегі және 28 желтоқсандағы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындылары;
• 2013 жылғы 7 тамыздағы және 2014 жылғы 22 қаңтардағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарламалар.
Құрылысқа тапсырыс беруші — «АЗИЯ ГРУПП» Қазақстан-Германия бірлескен кәсіпорны» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2013 жылғы 7 тамызда басталған. Одан бөлек ведомство өкілдері құрылысты аяқтау немесе нысанды бұзу туралы шешімді тікелей тапсырыс беруші қабылдайтынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Есентай өзенінің жағасында орналасқан тағы бір элиталық қонақүй ғимаратына алдағы уақытта қалалық соттар көшуі мүмкін екенін жазғанбыз. Ол кезінде Қайрат Сатыбалдының меншігінде болған.