Алматыда ірі құрылыс нысаны бұзылып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Ерменсай» шағын ауданы Жәңгір хан көшесі, 46 мекенжайында орналасқан үш қабатты тұрғын үй бұзылып жатыр. Бұл туралы Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы хабарлады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, тексеру кезінде нысан иесінің құрылысқа рұқсат беретін тиісті құжаты жоқ екені және жоба сызбасының қате болғаны анықталған. Осыған байланысты меншік иесіне әкімшілік шаралар қолданылып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.
– Алайда нұсқама талаптары орындалмағандықтан, Бостандық аудандық сотына нысанды сүру туралы талап-арыз берілді. Бұдан кейін ұзаққа созылған сот процесі жүрді. 2023 жылы 15 тамызда Жоғарғы соттың қаулысымен алғашқы сот инстанциясының нысанды бұзу жөніндегі шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Кейіннен Алматы қаласы Әділет департаментінде орындау процесі басталды, - деп түсіндірді әкімдіктен.
Жақында сот орындаушыларының қатысуымен нысанды бұзу жұмыстары басталды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда заңсыз көлік жуу орны сүрілді.