Алматыда Радостовец көшесінің бөлігі 1,5 айға жабылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Радостовец көшесінің бойымен қозғалыс бір жарым айға шектеледі.
«Алматы жылу жүйесі» компаниясының мәліметінше, алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Алматы қаласының Бостандық ауданында 1973 жылы пайдалануға берілген 1,5 км жуық құбыр желісі ауыстырылады.
Осыған байланысты 2025 жылғы 14 маусым мен 4 тамыз аралығында Радостовец көшесінің Солодовников көшесінен Жандосов көшесіне дейінгі аралығында көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Қозғалыс екі бағыт бойынша да тоқтатылады.
— Уақытша шектеу жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр. Жөндеу кезінде көшенің жүріс бөлігінің астымен өтетін магистральдық құбыр желісі қайта жаңартылады. Жөндеу жұмыстары жүргізілген кезеңде жылу желісіне қосылған тұтынушылар үшін ыстық су беру тоқтатылмайды, — деп хабарлады «Алматы жылу жүйесі».
Еске салайық, 31 мамырдан 20 шілдеге дейін Бөгенбай батыр көшесінің бір бөлігі, 31 мамырдан 30 маусымға дейін Түрксіб ауданында Котельников көшесінің бір бөлігі жабылады.
Сондай-ақ 1 маусымнан бастап 20 тамызға дейін Сәтпаев көшесімен Масанчи көшесінен бастап Байтұрсынов көшесіне дейін екі бағытта қозғалыс шектеледі. 2 маусымнан бастап 20 тамызға дейін Ғабдуллин көшесінде Римский-Корсаков көшесінен бастап Нахимов көшесіне дейін екі бағытта қозғалыс шектеледі.