Алматыдағы «Реал Мадрид» ойыншылары жатқан қонақүй маңы жанкүйерге толы
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Испаниялық «Реал Мадрид» командасының ойыншылары негізгі құраммен Алматыға келді.
Футбол әлемінің жарық жұлдыздарының Қазақстанға келуі мегаполиске нағыз футбол мерекесін әкелді.
Қазір команда жайғасқан қонақүйдің маңында жүздеген адам жиналған.
Адамдардың көпшілігі сүйікті ойыншыларының есімдері жазылған плакаттар ұстап алған.
Ең жиі аталатын есімдер — Килиан Мбаппе мен Винисиус Жуниор.
Сондай-ақ қонақүй маңында полиция мен күзетшілер қоғамдық тәртіпті қадағалап жүр.
Ішке бөгде адамдар кіргізілмейді.
Алматы полициясы бұл ойын алдында футбол жанкүйерлеріне үндеу жасады.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2,5 мыңнан астам қызметкер тартылады.
— Ертең қаламызда «Қайрат» — «Реал Мадрид» арасындағы футбол матчы өтіп, үлкен оқиғаның ордасына айналады. Біз әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлерді көргенімізге қуаныштымыз. Бұл біз үшін спорт мерекесі ғана емес, Алматының шынайы келбетін — қонақжайлығын, құрметін және жоғары мәдениетін көрсетуге үлкен мүмкіндік. Команданы қолдаңыздар, бірақ мәдениетті түрде. Қаламызды таза ұстайық, бір-бірімізге және қонақтарға құрметпен қарайық. Сол арқылы Алматы мен бүкіл еліміздің имиджіне үлес қосамыз, — деді Жергілікті полиция қызметі басқарма бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Полиция өкілі матч күні қозғалысқа ішінара шектеулер енгізілетінін атап өтті.
Құқық қорғау органдары тұрғындардан маршруттарын алдын ала жоспарлауды, уақытша іс-шараға түсіністікпен қарауды және көшеде, көлікте әрі стадионда тәртіпті қатаң сақтауды сұрайды.
Еске салайық, бұған дейін «Реал Мадрид» Алматыға келгенін жазғанбыз.