Алматыда ресейлік сайлаушылар дауыс беріп жатыр

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін Ресейде Президент сайлауы өтіп жатыр. Осыған байланысты  Алматыдағы Ресей Федерациясының Бас консулдығында дауыс беру ұйымдастырылды.

Сайлауға дауыс беруге келген халықтың қарасы көп. Қаланың Жандосов пен Манас көшелерінің бойында ұзын-сонар кезек пайда болды. Дегенмен дауыс беруге келген сайлаушылардың көңілі көтеріңкі.

«Ресейліктер белгілі себептерге байланысты отанынан жырақтап кетсе де осылайша жиналып, дауыс беріп жатқаны қуантады. Қазір сайлау тыныш, жақсы өтіп жатыр. Мен балалармен келдім, дауысымды беріп шықтым. Мен негізі Ресейде тұрамын. Демалыс алып, осында қонаққа келдім. Ресейдің өміріндегі маңызды оқиғаға қатысуды жөн санадым», - деді Лена есімді Мәскеуден келген азаматша.

83 жастағы зейнеткер Юрий Петрович Қазақстан мен Ресей арасындағы достықтың нығаю беруін қалайды.

«Мен негізі Ресейде туғанмын, Алматыда 1973 жылдан бері тұрамын. Маған осында тұрған ұнайды. Мен Қазақстан мен Ресейдің достығын қолдаймын. Жалпы, Қазақастанның Ресей азаматтарын қабылдап жатқаны қуантады. Менде 2000 жылдан бері мекендеу қағазы бар. Қазақстан мен Ресейге ынтымақ, бейбітшілік тілеймін. Екі елдің достығы нығая берсін», - деді Юрий Петрович.

Еске салайық, 2024 жылдың 17 наурызында Ресейде Президент сайлауы өтетінін бұған дейін хабарлағанбыз.