Алматыда Республика алаңындағы субұрқақ қашан ашылады

Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы Республика алаңындағы субұрқақ кешенін жаңарту жұмыстары шамамен 60 пайызға орындалды.

Қаланың қоғамдық кеңістіктерін дамыту басқармасының мәліметінше, бүгінге дейін субұрқақ тостағаны мен техникалық бөлмелерде бетондау жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі уақытта құбырлар орнатылып жатыр, сондай-ақ гидрооқшаулау жұмыстары басталған.

— Қайта құру барысында сапа талаптарына сай, ұзақ уақыт пайдалануға арналған заманауи қаптау материалдары қолданылып жатыр, - деп хабарлады ведомство өкілдері Kazinform.kz ресми сауалына берген жауабында.

Жобаның мердігері – «Ec Energy Qazakhstan» ЖШС. Нысанды қазан айында пайдалануға беру жоспарланған.

Фото: Kazinform

Келісімшарт бойынша субұрқақты қайта құруға 2,48 млрд теңге бөлінген.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 15 жылда алғаш рет бірден төрт ірі субұрқақ кешені жөнделіп жатқанын хабарланған едік.

Олардың қатарында: әкімдік ғимараты алдындағы Шығыс және Батыс, Республика алаңындағы және Ғ. Мүсірепов атындағы театр жанындағы субұрқақтар бар. Жобаға жалпы 5,6 млрд теңге жұмсалмақ.

Қазір қалада шамамен 150 субұрқақ бар. Оның ішінде 66-сы коммуналдық меншікке тиесілі және қалалық қызметтердің қарамағында.