Алматыда Республика күні қалай атап өтіледі

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Республика күніне арналған ауқымды мерекелік бағдарлама басталды.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада концерт, спорттық жарыстар, экологиялық акциялар мен патриоттық кездесулер ұйымдастырылады. Жалпы мегаполисте 100-ден астам іс-шара өтеді.

24 қазан сағат 15:00–де Республика сарайында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған мерекелік концерт өтеді.

25 қазан сағат 11:00–де «Медеу» мұз айдынында Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтіп, әнұран шырқалады. Сондай-ақ осы күні Республика сарайы алдындағы алаңда «Атамекен» әнімен ауқымды патриоттық акция өтеді.

Фото: Алматы әкімдігі

23 қазан сағат 15:00–де Алмалы ауданында Құрманғазы атындағы оркестр залында мерекелік іс-шара өтеді. 24 қазан сағат 11:00–де Алатау ауданында Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында Республика күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылады. Осы уақытта Медеу ауданында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында мерекелік концерт болады.

Фото: Алматы әкімдігі

Одан бөлек қалада 15 қазаннан бастап 25 қазанға дейін жоғары оқу орындары арасында «Қыран елім — Қазақстаным» атты мәнерлеп оқу байқау өтіп жатыр. 20-26 қазан күндері жастар арасында Plastic-FREE Week экологиялық челленджі өтуде. Оның мақсаты — бір реттік пластиктен бас тарту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Фото: Алматы әкімдігі

Ал ең жарқын бастамалардың бірі — Абай алаңындағы Qazaq Flag Cube акциясы. Оның аясында қатысушылар рубик кубиктер арқылы Қазақстанның Мемлекеттік Туының бейнесін құрастырады. Орталық стадионда көлемі 50×20 метр болатын Қазақстанның алып Туын көрсету рәсімі өтеді.

25-26 қазан күндері Жібек жолы көшесінде қолөнершілер мен суретшілердің жәрмеңкесі өтеді. Онда сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылады.

Сондай-ақ Республика күні орай қаладағы 10 сауда және ойын-сауық орталығында ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Еске салайық, бұған дейін Республика күні қарсаңында елордалықтар үйлеріне мемлекеттік ту іле бастады.