Алматыда Республика күніне орай қандай іс-шаралар өтеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда 25 қазан Республика күніне орай мәдени-бұқаралық, спорттық және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Фото: Алматы әкімдігі

Мерекелік бағдарлама аясында концерт, музей және кітап көрмесі, дөңгелек үстел, спорттық жарыс, зияткерлік ойын, байқау, танымал тұлғалармен кездесу, флешмоб пен жастар акциясы өтеді. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сенбілік өткізу жоспарланған.

Фото: Алматы әкімдігі

23 қазанда Республика сарайында Республика күніне арналған мерекелік концерт өтеді. Сол күні 18:30-да «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Егемен ел – еңселі ел» концерті ұйымдастырылады.

25 қазанда «Медеу» спорт кешенінде Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтеді.

Сол күні сағат 17:00-ден 21:30-ға дейін Абай алаңында танымал өнерпаздардың қатысуымен ашық аспан астында мерекелік концерт өтеді.

Фото: Алматы әкімдігі

10–25 қазан аралығында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған жалпықалалық «Оқитын ұлт – озық ұлт» акциясы өтіп жатыр.

20–25 қазан аралығында Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрында Республика күніне орай IV Халықаралық «Almaty Puppet Festival – 2026» қуыршақ театрлары фестивалі өтеді.

Фото: Алматы әкімдігі

Алмалы ауданы

22 қазан, сағат 15:00 – Құрманғазы атындағы Қазақұлттық халық аспаптар оркестрінде мерекелік концерт.

Түрксіб ауданы

22 қазан, сағат 15:00 – №6 Оқушылар үйінде концерт.

Әуезов ауданы

22 қазан, сағат 15:00 – «Нархоз» университетінде мерекелік іс-шара.

Наурызбай ауданы

22 қазан, сағат 14:30 – Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында концерттік бағдарлама.

Жетісу ауданы

23 қазан, сағат 11:00 – Мәдениет үйінде мерекелік іс-шара (Кемел шағынауданы, Есім хан көшесі, 127).

Медеуауданы

23 қазан, сағат 12:00 – Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында салтанатты концерт.

Бостандықауданы

23 қазан – Satbayev University-де концерттік бағдарлама.

Алатау ауданы

24 қазан, сағат 18:00 – «Алатау» дәстүрлі өнер театрында мерекелік концерт.

Фото: Алматы әкімдігі

Сонымен қатар Республика күніне арналған іс-шаралар Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты әлеуметтік орталықтарда да ұйымдастырылады. Қызмет алушылар үшін концерттік және ойын-сауық бағдарламалары әзірленген.

Еске салайық, Республика күні қарсаңында «Кітап оқитын ұлт» жобасының әнұраны таныстырылған еді.