Алматыда Республика күніне орай төрт жаңа мектеп ашылды

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда Республика күні қарсаңында 8 мың оқушыға арналған жаңа мектептер ашылды.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, биыл мегаполис тарихында алғаш рет бір оқу жылында 24 жаңа мектеп ашылады.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда Республика күніне орай бірден төрт заманауи жалпы білім беретін мектеп салтанатты түрде ашылды. Солардың бірі – Медеу ауданында орналасқан, жобалық қуаты 2 мың оқушыға арналған №220 жалпы білім беретін мектеп.

Фото: Алматы әкімдігі

-Бұл жалпы білім беретін мектеп осы аймақтағы орын тапшылығын толық жабады. Жалпы, 1 қыркүйектен бері қалада 12 жаңа мектеп ашылды. Республика күніне орай осы аптада тағы төрт білім беру мекемесі пайдалануға беріледі. Бесінші мектеп – қараша айында, ал тағы сегізі – жыл соңына дейін «сатып алу» тетігі арқылы іске қосылады, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.

Оның айтуынша, мегаполисте биылғы оқу жылында барлығы 24 мектеп ашылады, соның ішінде 21 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

-Бұл тарихи максимум. Бұған дейін бір оқу жылында мұншама жаңа мектеп пайдалануға берілмеген. Мұның барлығы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Келешек мектептері» ұлттық жобасының арқасында жүзеге асты, – деді Азамат Қалдыбеков.

№220 мектеп заманауи үлгіде салынған, оның құрамында 83 оқу кабинеті, 4 спорт залы, сондай-ақ асхана, кітапхана, медициналық пункт, конференция залы, спорт алаңы, теннис корты, волейбол және баскетбол алаңдары бар.

Фото: Алматы әкімдігі

-Ғимарат қозғалысы шектеулі адамдар үшін толық бейімделген. Барлық кабинет интерактивті тақталармен және оқу материалдарымен жабдықталған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары орнатылған, – деді мектеп директоры Манат Әшірбекова.

Фото: Алматы әкімдігі

Айта кету керек, Республика күніне орай Алматыда Наурызбай ауданындағы Құрамыс шағынауданында орналасқан №219 жалпы білім беретін мектеп те есігін айқара ашады. Білім ордасында 1 500 оқушыға арналған 79 оқу кабинеті бар. Биыл 1-сыныпқа 80 оқушы қабылданды. Оқу-тәрбие үдерісін 26 педагог жүргізеді.

Сондай-ақ Наурызбай ауданының Шұғыла шағынауданында орналасқан №221 жалпы білім беретін мектеп жұмысын бастайды. Білім ордасында 2 500 оқушы орнын қамтитын 125 оқу кабинеті бар. Бүгінде 1 722 оқушы қабылданған. Оқу-тәрбие үдерісін жоғары кәсіби деңгейге ие 74 педагог қамтамасыз етеді.

Фото: Алматы әкімдігі

Бұдан бөлек, Алатау ауданында орналасқан №222 жалпы білім беретін мектеп те ашылады. Білім ордасында 2 мың оқушы орнын қамтитын 96 оқу кабинеті бар. Бүгінде 700 оқушы қабылданды. 1-сыныпқа 41 бала қабылданған. Білім беру үдерісін 44 педагог жүргізеді.

Барлық жаңа мектеп заманауи жабдықтармен, кең сыныптармен, спорт және шығармашылық залдармен, сондай-ақ еңбек кабинеттерімен қамтамасыз етілген. Білім беру ұйымдары осы оқу жылының екінші тоқсанынан бастап оқушыларды қабылдауға толық дайын.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласының дамуы аясында жергілікті бюджет есебінен 550 орындық тағы бір мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, сондай-ақ Алатау ауданында 900 орындық «Абыро́й» жеке мектебін және Наурызбай ауданында 1 200 орындық жаңа жеке мектепті сатып алу жоспарланып отыр.