Алматыда Сәтбаев көшесі Шығыс айналма жолына дейін ұзартылады

Фото: Александр Павский / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазір шығыс бағытта Луганский көшесімен аяқталатын Сәтбаев көшесі Шығыс айналма автомобиль жолына (ШААЖ) дейін ұзартылмақ.

Мемлекеттік сатып алу сайтында Сәтбаев көшесін Луганский көшесінен Шығыс айналма автомобиль жолына дейін ұзартуға жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша хабарландыру жарияланды. 

Лотқа 6 наурыздан бастап өтінімдер қабылдана бастады және ол 13 наурызға дейін жалғасады. Хабарландыруда жобалау-сметалық құжаттама 2027 жылдың 30 маусымына дейін әзірленуі тиіс екені көрсетілген. Оны дайындауға 359 млн теңге жұмсалады.

Құжаттың техникалық ерекшеліктерге сәйкес, лот жеңімпазы жобада келесі мәселелерді қарастыруы қажет:

- Жобаның паспорты, жол құрылысына қажетті негізгі материалдар мен конструкциялардың (көлемі, материалдардың бағасы) құрамын;

- Дайындық жұмыстары, жол қозғалысын ұйымдастыру және оның қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау, құрылысты ұйымдастыру жобасын;

- Өзен суларының, сонымен қатар көктем кезіндегі еріген қардың суларының тасқынынан қорғау бойынша іс-шараларды;

- Сәтбаев көшесі мен Шығыс айналма автомобиль жолының қиылысында көлік жолайрығының құрылысын;

- жаяу жүргіншілер жолдарын;

- инженерлік желілерді қайта құруды;

- құрылыс кезіндегі жол қозғалыс схемасын барынша қазіргі жол қозғалысының аясында тиімді пайдалануды;

- құрылыс барысында барынша қазіргі отандық заманауи құрылыс материалдарын пайдалануды;

- жаяу жүргіншілер өткелін қарастыруы қажет.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 2026 жылы қандай көшелер ұзартылатынын жазғанбыз.