Алматыда Satbayev University проректоры ұсталды

АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматы прокуратурасы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры Ержан Күлдеевтің ұсталғаны туралы ақпаратты растады.

Фото: Satbayev University

Әлеуметтік желілерде Satbayev University проректорының ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты Kazinform редакциясы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Алматы прокуратурасына ресми сауал жолдаған еді.

Прокуратураның жауабына сәйкес, қылмыстық іс Ержан Күлдеевке ғана емес, басқа да тұлғаларға қатысты тергеліп жатыр.

— Бас прокуратураның ведомствоаралық тергеу-жедел тобы Е.И.Күлдеев және басқа да тұлғаларға қатысты бірқатар сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, — делінген Алматы прокурорының бірінші орынбасары Санат Талқанбаевтың агенттік сауалына берген жауабында.

Күдіктілерге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

— Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен жоғарыда аталған қылмыстық іске қатысы бар тұлғаларға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, — делінген прокуратура жауабында.

Алайда қадағалау органы тергеудің нақты қай баптар бойынша жүргізіліп жатқанын айтпады. Прокуратураның түсіндіруінше, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпаратты жария етуге мүмкіндік жоқ.

Университеттің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Ержан Күлдеев әлі күнге дейін Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ басқарма құрамында корпоративтік даму және стратегиялық жоспарлау жөніндегі проректор қызметінде көрсетілген.

Ал университет редакцияның оның әлі де оқу орнында жұмыс істеп жүрген-жүрмегені туралы сауалына жауап берген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін студент өліміне байланысты ҚазҰУ-да проректор мен декан жұмысынан кеткен еді.