Алматыда Сайын көшесінің жалғасы 8 жылдан кейін ашылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Сайын көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін ұзарту жобасы бойынша көлік қозғалысы техникалық түрде ашылды. Жаңа учаскенің ұзындығы – 3,2 шақырым.

Фото: Алматы әкімдігі

Жобаны жүзеге асыру 2018 жылы басталған еді. Жұмыстар жер телімдерін сатып алу жұмыстарының аяқталуына қарай кезең-кезеңімен жүргізілді. Соңғы жер телімі 2025 жылы қазан айында босатылды.

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы өкілдерінің мәліметінше, 20 мамырға жоспарланған қозғалысты ашу ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді. Қолайсыз ауа райы 110 кВ электр беру желісін көшіру жұмыстарын кешеуілдеткен.

– Қазіргі уақытта жол бойында асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселді. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін асфальттың жоғарғы қабаты төселеді, - делінген әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сонымен бірге учаскеде қосалқы жолдарды, жүргіншілер жолдарын, велосипед жолдарын салу және оған іргелес аумақтарды көркейту жұмыстары жалғасып жатыр.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталғанға дейін бұл учаскеде жылдамдық шегі 40 шақ/сағ болып белгіленді.

Жүргізушілер жол белгілерінің талаптарын және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға тиіс.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Сайын көшесін ұзарту жұмысы неге кешеуілдеп жатқаны жөнінде жазып едік.