Алматыда Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында қозғалыс бағыты өзгереді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жолайрық құрылысына байланысты Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында көлік қозғалысына кезең-кезеңмен шектеулер енгізіледі. 

Фото: Алматы әкімдігі

Мәселен, 7 маусымнан бастап Сейфуллин даңғылының оңтүстігінде Жансүгіров көшесі бойынша көлік құралдарының өтпелі қозғалысы шектеледі. Қозғалыс Жансүгіров көшесінен Сейфуллин даңғылына және Сейфуллин даңғылынан Жансүгіров көшесіне дейінгі жол айрығының съездері бойынша қамтамасыз етіледі.

«14 маусымнан бастап Сейфуллин даңғылының солтүстігінде Жансүгіров көшесі бойынша көлік құралдарының қозғалысы шектеледі. Қозғалыс съездер бойынша қамтамасыз етіледі. Бұл сызба 1 қыркүйекке дейін жарамды болады», - деп хабаралады әкімдіктен. 

Естеріңізге сала кетейік, жоба аясында Сейфуллин даңғылында көліктердің кедергісіз жүруі үшін жалпы ұзындығы 690 метр болатын екі түнел салу көзделген. Жансүгіров көшесінде 4 жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі салынып, тротуарлар және көгалдандыру қарастырылған. 

Бұған дейін Алматыда Құлжа тасжолы алты жолаққа дейін кеңейтілетіні туралы жазған едік. 

Бұл аталған учаскенің өткізу қабілетін 2 есеге арттырады.