Алматыда шатырдың үстіне салынған үй бұзыла ма

Фото: видеодан алынған скрин

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 9 қабатты үйдің төбесінде салынған нысан бұзылуы мүмкін.

– Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасы Алмалы ауданы №2 аудандық сотына нысанға қатысты құқық белгілейтін құжаттарды жою және оны сүру туралы талап арыз жолдады. Қазіргі уақытта сот ісі жүріп жатыр, – деп хабарлады қалалық әкімдіктен.

Осыған дейін әлеуметтік желіде Жұмалиев көшесінің бойында орналасқан 9 қабатты үйдің шатырындағы ерекше баспананың видеосы тараған болатын. 

Кейін әкімдік бұл нысанның 2012 жылы заңды негізде пайдалануға берілгенін түсіндірді. Алайда желідегі қызу талқыдан кейін қала құрылысын бақылау басқармасы ғимараттың құқықтық мәртебесін растау үшін архивтен құжаттарды көтеруге уәде берген болатын.

Еске салайық, былтыр Алматының тау бөктерінде заңсыз салынған 52 нысан анықталған болатын. 

Бұдан бөлек, Алматыда көп жыл бойы құрылысы бітпеген нысандар қашан бұзылатыны туралы жазғанбыз.