АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда шетел азаматына тіл тигізіп, күш көрсеткен ер адам ұсталып, сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Бұл туралы Алматы полиция департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат полицияның тексеруіне негіз болған. Онда шетел азаматы қала орталығында серуендеп жүрген кезде бейтаныс ер адамның ұлттық белгісі бойынша балағаттап, оған қол көтергені және ұялы телефонын тартып алуға әрекет жасағаны айтылған.
Алматы полициясы қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кез келген заңсыз әрекетке жедел құқықтық баға берілетінін ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда туристерден 150 доллар жолақы алған такси жүргізушісі жазаланғанын жазған едік.
Мейірман Лес
Еуразия ұлттық және Қазақ ұлттық университеттерін бітірген. Республикалық "Ұлан" газетінде, Baribar.kz, Holanews.kz, Zakon.kz, Tengrinews.kz, Massaget.kz, Ulysmedia.kz порталдарында журналист, продюсер, шығарушы/шеф/бас редактор қызметтерін атқарған. 2025-2026 жылдары Kazinform агенттігінің Алматыдағы меншікті тілшісі болып еңбек етті, қазір қазақ редакциясының шығарушы редакторы.