«Екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» және «Жауынгерлік еңбегі үшін» марапаттарының иегері, әуе-десанты әскерлерінің жалғыз ардагеріне Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, қорғаныс істері жөніндегі қалалық департаменттің әскери қызметшілері, Алматы қаласы Қарулы күштердің ардагерлері кеңесінің өкілдері құрмет көрсетті.
Виктор Изюмниковке ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Алматы өңірлік гарнизонының бастығы генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің атынан құттықтау жеткізіліп, естелік сыйлықтар табыс етілді.
Мерейтой иесі 1924 жылы бұрынғы Орал облысы Зеленов ауданы Чернояров елдімекенінде дүниеге келген. 1942 жылы 17 жасында майданға шақырту алған жас жігіт Ленинград әскери байланыс училищесіне жіберіледі. Бұл оқу орны сол кезде Оралға көшірілген еді. Оқуды бітірмей жатып 1943 жылдың маусымында бір топ курсант әуе-десанты әскерлеріне жіберіледі.
Виктор Изюмников Мәскеу облысының Ступино қаласындағы 17-ші десанттық гвардиялық бригада құрамында майданға кіреді. Осы әскери бөлімнің сапында ол Венгрия мен Австриядағы ұрыстарға қатысты. Вена мен Чехословакиямен шекарадағы Знайме (Зноимо) қаласын азат етуге қатысып, жеңісті қарсы алды.
Соғыс аяқталғаннан кейін шайқаста шыңдалған жауынгер аға сержант атағын алып, радиостанция бастығы лауазымына тағайындалды.
Әскерден кейін Виктор Изюмников еңбек майданына араласты. Тың және тыңайған жерлерді игеруге қатысты. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы, экономика ғылымдарының кандидаты, екі рет Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды. Қазақстан Компартиясы ОК мүшесі, Қазақстан Министрлер Кеңесінің іс басқарушысы болды.
«Бүгінде ол – Алматыда тұратын әуе-десанты әскерлерінің жалғыз ардагері. Виктор Карповичтің бізбен бірге бір сапта болғанын мақтан тұтамыз. Жастарды десанттық бауырластық рухында тәрбиелейміз. Біз үшін құрметті ақсақал батылдықтың, табандылықтың және әскери борышқа адалдықтың нағыз үлгісі, - деп атап өтті Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов.
Ардагер әскери қызметшілерге ризашылығын білдіріп, батасын берді.
«Антқа адал болып, елге қызмет етіңіздер. Президентіміз жаңа Қазақстанның құрылысы туралы жариялады. Бұл тапсырманы орындау көбіне жастарға байланысты. Ең бастысы – бейбітшілік пен бірлікті сақтау, сонда біз табысқа жетеміз», - деді соғыс ардагері.