28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің Аллеясы ашылды.
Шараға шаһар басшысы Ерболат Досаев, соғыс ардагерлері, олардың отбасы мүшелері, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері және қоғам өкілдері қатысты.
— Қаланың барлық ауданында бір мезетте ардагерлер аллеясы ашылды. Бұл жерлерді әр аудан тұрғыны біліп, барып, батырларымыздың рухына тағзым еткенін қалаймын. Алматыда бүгінде 21 соғыс ардагері тұрады — бұл республика бойынша ең үлкен көрсеткіш. Біз соңғы екі жылда өмірден озған ардагерлерді де құрметпен еске аламыз. Барлығы 29 ағаш егілді. Бұл аллеялар болашақ ұрпақ — балалар, немере-шөберелер үшін батырлықты еске салып тұратын тірі ескерткішке айналады, — деді Ерболат Досаев.
Ардагерлердің туыстарымен бірге Алматы әкімі биіктігі 6 метр болатын жөке ағашы отырғызылды. Әр ағаштың жанына ардагердің аты жазылған арнайы тақтайша орнатылды.
Ағаш отырғызу кезінде заманауи әдістер мен технологиялар қолданылды: ағашты тік ұстауға арналған қайың тіректер, сондай-ақ, тамыр арқылы суару жүйесі орнатылды.
— Соғыс ардагерлерінің барлық ұрпағы атынан аталарымыздың, әкелеріміздің, аналарымыз бен әжелеріміздің жарқын бейнесін еске алып, құрмет көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын. Жөке — ерекше ағаш. Ол рухтың мықтылығын, төзімділік пен адалдықты білдіреді. Бұл көне әрі асыл символ бізге болашақ ұрпақ үшін өмірін сарп еткен жандарды әрдайым еске салып тұрады. Хош иісті гүлі мен ұзақ жасайтын қасиеті бар жөке — батырларымыздың жүректе сақталатын ерлігі секілді, мәңгілік тірі естелікке айналады, — деді соғыс ардагері Ольга Савенконың немересі Юлия Завадская.
Қарт майдангер Қамбар Әмірұлы Сәрсенов аллея үшін алғысын білдіріді.
— Биыл біз Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Осындай аллеяны қолға алып, жүзеге асырғаны үшін алғысымыз шексіз. Бұл жерге біздің ұрпағымыз келіп, бұл ағаштарды аталары отырғызғанын еске алады, — деді былтыр қазанда 100 жасқа толған ардагер Қамбар Сәрсенов.
Осыған дейін Ерболат Досаев ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтаған болатын.