Жоба Алматы қалалық соты төрағасының тапсырмасымен Сот әкімшілігінің Алматы қаласы бойынша департаменті тарапынан жүзеге асырылған.
Жаңа сервис арқылы азаматтар сот жұмысына қатысты сұрақтарын ыңғайлы форматта жолдап, қажетті ақпаратты жедел ала алады. Telegram-боттың басты мақсаты — сот жүйесінің қолжетімділігін арттырып, тұрғындармен тиімді коммуникация орнату.
Бот мына сілтеме арқылы қолжетімді: @ALMATYSOT_bot
— Алматы соттарына күн сайын азаматтардан, адвокаттардан және сот процесіне қатысушылардан көптеген өтініш түседі. Олардың басым бөлігі ұйымдастырушылық және ақпараттық сипаттағы мәселелер болғандықтан, жаңа сервис мұндай сұрақтарды қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік береді, — делінген сот таратқан ақпаратта.
Telegram-бот өтінішті автоматты түрде қабылдап, қажетті мәліметтерді кезең-кезеңімен сұратады. Атап айтқанда:
— өтініш берушінің аты-жөні;
— сот ісінің нөмірі;
— процесс қатысушысының мәртебесі;
— соттың атауы;
— өтініштің мазмұны.
Осы мәліметтер енгізілгеннен кейін жүйе құрылымдалған өтінішті автоматты түрде тиісті соттың жауапты қызметкерлеріне жолдайды.
Сот өкілдерінің айтуынша, жаңа сервис:
— кері байланыстың сапасын арттыруға;
— өтініштерді қарау мерзімін қысқартуға;
— шешілмеген мәселелер санын азайтуға;
— шағымдар көлемін төмендетуге;
— уақытылы коммуникация болмауынан туындайтын даулы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Telegram-бот соттар мен процеске қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды тиімді етіп, ішкі жұмыс процестерін оңтайландыруға көмектеседі.
Айта кетейік, «Almatysot» Telegram-боты сотқа ресми түрде жүгіну арналарының орнын алмастырмайды және процессуалдық құжаттарды қабылдауға арналмаған. Сервис азаматтарға жедел ақпарат беру және байланыс орнату үшін іске қосылған.
Telegram-бот жұмыс күндері жұмыс уақытында қызмет көрсетеді.
Осыдан бұрын көшеде аяғын сындырған Петропавл тұрғыны сот арқылы әкімдіктен өтемақы алғанын жазған едік.