Қазақстан атынан жарысқа Қазақ ұлттық спорт университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Almaty Management University (AlmaU) командалары қатысып жатыр.
Қазақстандық командалардың сапындағы ең жоғары рейтингке ие шахматшылар қатарында Қазақ ұлттық спорт университетінің өкілдері Қазыбек Нөгербек (FIDE рейтингі — 2495), Сәтбек Ахмединов пен Меруерт Камалиденова (екеуі де — 2400), сондай-ақ ҚазҰУ командасынан FM Ерлан Тілеуханов (2296) және AlmaU құрамынан FM Жәңгір Бижігітов (2272) бар.
1 тамыздағы орташа рейтинг бойынша турнирдің фавориттері қатарында Saint Louis University (2577), Ural State Mining University (2514), University of Texas at Dallas (2441) және Қазақ ұлттық спорт университеті (2420) тұр.
Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева чемпионаттың ашылуында Қазақстанның әлемнің үздік жас шахматшыларын қабылдап отырғанын атап өтті.
— Бүгінде Қазақстан әлемнің жетекші оқу орындарының үздік жас шахматшыларын тоғыстырған алаңға айналып отыр. Бұл чемпионат — тек медаль үшін тартыс қана емес, университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, білім алмасуға және елдер арасындағы ұзақмерзімді серіктестікті дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаң, — деді министр.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шахматтың білім беру жүйесіндегі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде еліміздегі бес педагогикалық жоғары оқу орнында 200-ден астам студент «Шахмат педагогі» Minor бағдарламасы бойынша білім алған. Сонымен қатар 31 жоғары оқу орнында шахматқа қатысты пәндер оқытылады.
— Шахмат — зияткерлік ойын ғана емес, сыни ойлау, жауапкершілік, дербестік пен стратегиялық жоспарлау қабілетін дамытатын тиімді білім беру құралы. Сондықтан шахматты оқу үдерісіне кәсіби енгізе алатын педагогтерді даярлау — біз үшін маңызды міндет, — деді министр.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов мұндай ірі турнирдің Алматыда өтуі еліміздің әлемдік шахмат қауымдастығындағы беделінің артқанын көрсететінін айтты.
— Қазақстан мен Алматының осы тарихи жарысты қабылдауы — еліміздің және ұлттық федерацияның әлемдік шахматтағы орнының айқын дәлелі. Біз үшін студенттік шахматты дамыту — басты басымдықтардың бірі. Өйткені дәл университет қабырғасында болашақта ғылым, білім және халықаралық жобаларға ұласатын байланыстар қалыптасады, — деді Тимур Турлов.
Алматы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым мегаполистің студенттер қаласы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Алматыда 236 мыңнан астам студент білім алады. Сондықтан жастарды біріктіретін әлем чемпионатының дәл осы қалада өтуі заңды.
Сонымен қатар 4–5 тамыз күндері Алматыда 8–18 жас аралығындағы Қазақстан құрамасы мен әлем құрамасы арасында жасөспірімдер матчы өтеді. Жарыс ұлдар мен қыздар арасында алдымен рапид, кейін блиц форматында ұйымдастырылады. Матчтың жалпы жүлде қоры — 15 миллион теңге.
Бұған дейін қазақстандық шахматшы Алуа Нұрман 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлемдік рейтингте үшінші орынға көтерілгені хабарланған болатын.