Алматыда су мен жылуды тұтынудың әлеуметтік нормасы енгізілді

Фото: Фото: pexels.com

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы Ардақ Жаңабаева ресурс үнемдеуді ынталандыру бойынша жаңа шараларды - тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу жобасын түсіндірді.

– Су ресурстарын тұтыну мәдениетін арттыру және тұтынушыларды суды және жылуды үнемдеуге ынталандыру үшін табиғи монополиялар туралы заңнамаға «тұтынудың әлеуметтік нормалары» ұғымы енгізілді. Олар «неғұрлым көп үнемдесеңіз, соғұрлым аз төлейсіз» қағидаты бойынша сумен жабдықтау және жылумен жабдықтау қызметтерін тұтыну көлеміне байланысты жоғары тарифтерді белгілеуге бағытталған, – деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, сумен жабдықтауда тарифтердің төрт деңгейлі жүйесі қолданылады: 3 текше метрге дейін - ағымдағы тариф; 3 - тен 5 текше метрге дейін - +20%; 5-тен 10 текше метрге дейін - +50%; 10 м³ жоғары және есептегіш болмаған жағдайда-қос тариф.

Сонымен қатар, жылыту үшін нормалар тұрғын үйдің ауданы бойынша есептеледі: 100 шаршы метрге дейін - бекітілген тариф; 100 - ден 200 текше метрге дейін - +10%; 200 м² жоғары-орташа тариф.

Ардақ Жаңабаева сараланған тарифтер арқылы түсетін қосымша қаражат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту ісіне жұмсалатынын жеткізді.

Атап айтқанда, инженерлік желілер жаңартылып, ресурс үнемдейтін технологиялар енгізіледі және есептеу құрылғылары орнатылады.

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта «Алматы Су» (3,3 млрд теңгеге) және «Алматы жылу жүйесі» (83 млн теңгеге) инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге өтініштер қаралып жатыр.

– Бұл шаралар инфрақұрылымды дамытып қана қоймай, тұрғын үй көмегі есебінен аз қамтылған отбасыларды атаулы түрде қолдауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Жаңабаева.

Бұған дейін Алматыда халықтың әлеуметтік осал тобына коммуналдық қызмет тарифтердің көтерілуіне байланысты өтемақы төленетіні туралы жазғанбыз.